«Менің күйеуіме ти» дорамасы қандай мәселелерді көтереді?

Корей сериалдары махаббат хикаяларымен танымал. Әлемнің түкпір-түкпірінен өз көрерменін таба білген дорамалар туралы естігенде көп адамға романтикалық моменттер елестейді. Алайда тек махаббат тақырыбын ғана емес, сонымен қатар әйел құқықтары мен оған қатысты мәселелерді көтеретін дорама жайлы білесіз бе? Бүгін осы тақырыптар қозғалған «Менің күйеуіме ти» дорамасын талдайтын боламыз.

Ескерту, арасында спойлер бар!

Дорама не туралы?

Оқиға Кан Чжи Вон есімді әйелдің тағдырын баяндайды. Жастайынан ата-анасынан айырылған Чжи Вонның ешбір туысы жоқ. Тұрмысқа шыққан соң күйеуі екеуінің арасында ұрыс-керіс жиілей бастайды. Бұлар күйенің ата-анасымен бірге тұрады. Енесі «қашан бала туасың?», «қолыңнан түк келмейді» деп үнемі жазғырады. Ал күйеуі жұмысынан шығып, акциялармен айналыспақ болады. Бұл ісі еш нәтиже бермей, отбасын асырау міндеті Чжи Вонға жүктеледі. 

Күйеуі мен енесінің арасында сепарация болмауы, жұмыс мәселелері, үйіндегі бар тіршілікті жалғыз өзі көтеруі, қатты ауырға соғады. Денсаулығына да дұрысты көңіл бөле алмайды, одан қалды асқазанында қатерлі ісік пайда болып, 6 ай әрі кетсе 1 жыл өмірі қалғаны белгілі болады. Бұдан да сорақысы, жанындай сеніп жүрген күйеуі мен жан құрбысы екеуі көңілдес екенін біледі. Үшеуінің арасында туындаған жанжал кезінде күйеуі Чжи Вонды итеріп жібереді. Сол сәтте әйел көз жұмады. Бірер сәттен соң көзін ашса, тура 10 жыл артқа қайтып оралған. Сөйтсе өмірін қайта сүруге екінші мүмкіндік берілген екен. Бұл өмірін текке жібермей, бақытты сәттерге толтыруға, ол үшін токсиктермен арақатынасын үзуге өзіне сөз береді. 

Әйелді ұрып-соғу және полицияның көмек бермеуі

Чжи Вон тұрмысқа шықпай тұрып жұбайымен ұзақ уақыт бойы сөйлесіп жүрген. Ара-тұра туындайтын жанжалдар барысында жігіті қызбалыққа салынып, өзін-өзі ұстай алмай ұрысуды әдетке айналдырған. Мұның бәріне шыдағысы келмеген Чжи Вон арақатынасты тоқтатуға бел буады. Алайда дәл осы сценарий қайталанып, жігіт қол көтере берген мезетте полицияға жүгінеді. Тәртіп сақшыларынан көмек сұрап барған ол тек «жай ұрыс үшін шағымдануға болмайды», «ол сізді ұрып-соққан жоқ әрі ірі компанияда жұмыс істейді» деген сөздер естиді. Ал жігіті полицейге: «әйелдер кейде көп нәрсені эмоция үстінде істейді», – деп сексистік көзқарасын ашық білдіреді. 

Жұмыстағы сексизм

Басты кейіпкер «U&K» атты ірі компанияда жұмыс істейді. Бұл жерде де еркек басшысы тарапынан талай қорлық көреді. Әйелдердің сырт келбеті, сексуалданған объективация мәселелері айқын көтеріледі. Мысалы, жоба жетекшісі  «әріптестеріңді сыйлап, белдемше киіп жүрсеңші»,  «түріңе не болған, тұрмыста емессің ғой. Мұның бәрі әйелдер әскерге бармауынан, барса, бәрі басқаша болар еді», «әйелдер түк те бітіре алмайды, тек аузын толтырып, әңгіме айтқаннан басқа ештеңе білмейді» деп жиі айтады. Сонымен қатар жиіркенішті әрекеттеріне, ұсыныстарына «жоқ» деп жауап берген әйелдерді шеттетіп, командадан бөліп-жарады. 

Менструация, «әйел энергиясы» және «жоқ» деп айту

Чжи Вон дәретханада менструацияға арналған гигиеналық жабдықтардың жоқтығынан қиналып отырған қызға көмектесіп, өзінің жейдесін беліне байлап береді. Сондай-ақ еркек басшылар «әйел энергиясы» арқылы айналаңдағы адамдармен қарым-қатынасты жақсартуға болады, ол үшін белдемше мен биік өкшелі аяқ киім киіп, макияж жасау керек деп айтуды әдетке айналдырғаны бейнеленеді.

Чжи Вонды жігіті қинап сүйгелі жатқан сәтте мұны бір қыз байқап қалып, көмек көрсетуді жөн деп шешеді. Өзің қаламаған физикалық контактті тоқтату керектігі жайлы түсіндіреді. «Жоқ» деп айтудың маңызын осылайша жеткізеді. 

«Жігіттердің бәрі бірдей, тек мен бөлекпін»

Басты кейіпкердің жігіті бір әңгіме барысында: «барлық жігіт бірдей, қыздары бар болса да, бәрі көзге шөп салады. Олардың идеалы – таныс емес, жұмбақ қыз», – деп айтады. Осы жайында ойланып қалған қыздың «сен де сондаймысың?» деген сұрағына: «жоқ, олардың бәрі бірдей, тек мен бөлекпін», – деп жауап қатады. 

Осылайша, дорама мен сериалдарда адам құқығы мен әлеуметтік мәселелері көрініс табуда. Алайда бұл мәселелердің шешілуіне ықпал ете ме? 

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»