Желіні жарған  «Үкім» фильмі не туралы?

Наурыздың 21-нен бері Қазақстан мен Қырғызстан кинотеатрларында «Үкім» фильмі көрсетіле бастады. «Черный двор» сериалының авторлары әділетсіздік тақырыбына негізделген жаңа туындыны жарыққа шығарды. Фильмнің идеясы қандай және ол көрермендерге қалай әсер етіп жатыр? Бірге талдап көрейік. 

Сюжеті 

Фильм жанры — драма, триллер. Оқиға желісі 2009 жылды сипаттайды. Дәл осы уақытта 90-жылдардағы бандиттік жүйенің ізі сақталған еді. Ақтан есімді 11-сынып оқушысы Ыстықкөл жағасындағы шағын қалада тұрады. Мектепті бітірген соң Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне жұмысқа орналасу оның арманы болатын. Сөйтіп жүріп ол жергілікті билік өкілі тарапынан әділетсіздікке тап болады. 

Көтеретін мәселелер

Кез келген жанжал жұдырықтың арқасында шешілетін ол заманда төбелестің кесірінен талай зардап шегуге болар еді. Ақтанның туған бауыры Бекзат бір шенеуніктің баласымен сөзге келіспей қалады. Осыдан кейін олардың арасында араздық туындап, өрши түседі. Қарапайым отбасыдан шыққан Ақтан мен билігін асыра пайдаланатын шенеунік арасындағы күрес осылай басталады. Ақтанға оның жан досы Куба көмек көрсетіп, арқау болады. 

Ақша мен сыбайлас жемқорлықтың арқасында жазықтыны жазықсыз етіп, ал кінәсізді айыпты еткісі келген билік өкілі қулығын асыру үшін барын салады. Осы жолда тәртіп сақшыларының көмегіне де жүгінеді. Полицейлердің адамдарды алауыздықпен ұрып-соғуы, кісі құрлы көрмеуі, азаптап қинауы, бопсалауы көрініс табады. Билігі жүретіндер қарапайым адамдардың өмірімен ойыншықтай ойнайды. Әділетті соттың болмауы, адам құқықтарының жерге тапталуы жан-жақты баяндалады. 

«Бізден де күшті жүйе бар. Не оны мойындайсың, не сені түтіп жейді». Бұрыннан қалыптасқан жүйеге қарсылық танытқан балалар мақсатқа жету үшін барын салады. 

Көрермен реакциясы

Фильм шыққан күннен бастап билеттер лезде сатылып кетіп жатыр. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, көрерменді жылатпай қоймады. 

«Фильмді көріп жыладым. Әделетсіздікке күн сайын тап боласың, оны елемеуге тырысасың, бірақ ол ешқайда жоғалып кетпейді. Актерлердің керемет ойыны, оқиға, әділетсіздік қатты әсер етті», – деп актриса Алмагүл Қазихан «Үкім» фильмінің Тикток аккаунтына өз әсерін айтты

«Фильм күшті, бүгін кинотеатрдан көрдім. Мен 10/10 деп бағалаймын. Қазақ пен қырғыз ағайындардың үздік туындысы. Тамаша фильм»,  «Фильм өте күрделі және сауатты, көптеген тақырыпты қозғайды. Актерлер ойындары – топ. Бүгін балалармен бардық, 15 минуттай жиенімді тыныштандырдым. Барлығы жылады...» деп жазып жатыр желі қолданушылары. 

 

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»