АЭС референдум: халықтың қатысуы

22 Қыркүйек күні Алматыда, «Қауіпті атом» бастамасы ұйымдастыруымен «Қазақстандағы АЭС құрылысы бойынша референдум: жұртшылықтың қатысуы» жөнінде қоғамдық талқы өтті. 

Саяси шешім

Әлеуметтік-экологиялық қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы, қоршаған орта және климаттың өзгеруі мәселелеріне маманданған заңгер Вадим Нидің пікірінше, АЭС салу не салмау туралы шешімнің саяси салмағы бар. Президент халықтың өзі  шешім қабылдауы керек дегендей сыңай танытып отыр. Егер де референдум өтіп, халық АЭС салуға дауыс берсе салынады, қарсы көп дауыс берсе салынбайды. Ал, референдумға халықтың басым бөлігі бармаса, бұл да бір қабылданған  шешім болмақ. Сондықтан бұл шешімді кейінге қалдыру керек деп санайды. 

«Осы кезге дейін Қазақстанда ұзақ мерзімді құрылыстардың ешқайсысы сәтті аяқталған жоқ. Бұны бір шетелдік компанияға салдырту үшін, қомақты қаражатқа референдум өткізуді жөн санамаймын.  Референдум өткізу туралы президенттің жарлығы алдағы екі апта шықпаса, референдум келесі жылға қалады. Ал егер жарлық шығып референдум өтетін болса, насихатты белсенді жасап және түсіндіру жұмыстарына көбірек көңіл бөлуіміз керек».

Жоғары ақы

Ал ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы кеңестің мүшесі Светлана Могилюктың есептеуінше, АЭС құрылысы өте қымбат, қауіпті және тиімсіз екен. Бұны салу – мәселенің шешімі емес, керісінше тағы бір мәселе: 

«Біріншіден, АЭС салдары ұзақ мерзімді екенін, болашақ ұрпақтың алдында жауапты екенімізді ұғынуымыз керек. Екіншіден,  бұл  құрылыстың қауіп-қатерін де халыққа түсінікті ақпарат таратуымыз керек. Үшіншіден, референдумды әділ, айқын, ашық түрде өтуі керек».

Атом энергиясының қымбат екенін энергетика және экономика саласының эксперті Асет Наурызбаевта атап өтті. Айтуынша, АЭС күн мен жел станияларынан алынатын энергияға қарағанда төрт есе қымбат екен.

«Ең аз дегенде, қазіргіден адам басына шаққанда әрбір кб/cағатына 45 теңге артық төлеп отырамыз. Бұл қымбатшылық бүкіл салаға әсер етпей қоймайды. АЭС-қа қарағанда ВИЭ дұрыс, өйткені ең көлемді апат болған жағдайдың өзінде жақын маңдағы тұрғындарды көшіріп әкетуді қажет етпейді. ВИЭ зиянды қалдықтар шығармайды – көнерген құрылғыларын қайта өңдеуге жіберіп жаңадан дәл сол құрылғыларды жасауға болады. Күн және жел станцияларының салынып біту уақыты 2-3 жылдан аспайды. Ал АЭС құрылысы кем дегенде 10 жылды құрайды.

Денсаулыққа әсері

Светлана Могилюк АЭС құрылысының денсаулыққа тигізетін әсеріне назар аударады:  

«Біздің болжам бойынша мемлекетіміз АЭС құрылысын ең тез дегенде 6 жылда салып бітіреді. Құрылыс біткенше энергия тапшылығы міндетті түрде болады. АЭС салынған аумақтарда радиация өте жоғары. Жақын жерде тұратын балалардың ауруы, нақтырақ айтсам лейкемиямен 2,2 есе ал онкологиялық аурулармен 1,6 есе  жиірек ауырады. Ересек адамдардың да ерте қартаюы, көзінің нашарлауы байқалған. АЭС салынған жағдайда, құрылысқа бетон, темір сияқты табиғи өнімдерді қолданады, ал сол 100 жылдан соң қайта жаңарту кезінде керексіз зиянды қалдықтарға айналады. Сонда біз өзіміздің немерлерімізге осындай радиоактивті қалдықтарды мұра етіп қалдырамыз. Оған қоса бізде бұнымен айналысатын мамандар жоқ. АЭС – көнерген технология. Қазірдің өзінде ешқандай елде жаңадан мұндай құрылыс салынып жатқан жоқ». 

Жеке жауапкершілік

«Референдумға келетін болсақ, бұл – біздің жауапкершілігіміз. Егер АЭС салынса, алдағы төрт буын осы станцияның тұтынушысы болады. Бірақ одан кейінгі 200 буын бұл құрылыстың зардабын ғана көреді. Сондықтан да бұған бейжай қарамауымыз керек. Референдумның ашық, әділ өтуіне үлесімізді қосайық. Келіп қатысыңыз, бақылаушы болыңыз» – деп, Асет Наурызбаев сөзін аяқтады. 

Талқыға «Эхо» бақылаушылар ұйымының өкілдері де қатысып, өздерінің міндетті түрде референдум барысын бақылайтындарын жеткізді. 

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»