Нұсқаулық. Мені оқытушым қорқытып жүр: не істеймін?

«Сендерге проблема керек пе?», «Жақсы бағаға үміттенбеңдер» дегендей сөздерді Қазақстанның оқу орындарында жиі естуге болады. Бүгін біз оқытушы сізді қорқытса, не істеу керегін айтамыз. 

Жағдайды анықтайық

Алдымен заң бұзылып жатыр ма, соны анықтау керек. Заңды бұзбайтын, бірақ студент жақсырақ оқысын деп сескендіретін немесе шамалы көңіл-күйінің кесірінен өзгеге ұрыса салатын мұғалімдер болады. Ондай проблеманы оқытушылармен сөйлесіп, шешуге болады. 

Ал оқытушы сізді қорқыту арқылы белгілі бір кандидатқа дауыс беруге мәжбүрлесе, діни көзқарасыңызды өзгертуге итермелесе, не болмаса, пара сұраса, бұл — заңбұзушылық. 

Оқытушы қандай заңбұзушылықтарға жол беруі мүмкін? 

Жеке басыңызға тіл тигізетін комментарий, түсініктеме немесе мәлімдеме ҚР Конституциясының 17-бабын бұзады, яғни: 

1. Адамның қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды.

2. Ешкімді азаптауға, зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды.

Егер оқытушы саяси, діни не басқа да көзқарастарыңызды өзгертуге мәжбүрлесе, ол да заңбұзушылық болып саналады. Біріншіден, ол ар-ождан бостандығына қатысты ҚР Конституциясының 22-бабын бұзып жатыр:

1. Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар.

2. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс.

Екіншіден, мұндай қылығымен педагог (2019 жылы 27 желтоқсанда № 293-VІ ҚРЗ бекітілген) «Педагог мәртебесі туралы» заңның 15-бабындағы 2-тармақты бұзады:

Педагог білім беру процесін саяси үгіттеу, білім алушылар мен тәрбиеленушілерді саяси, діни немесе өзге де сенім-нанымдарды қабылдауға не олардан бас тартуға мәжбүрлеу үшін, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық немесе діни алауыздықты қоздыру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни немесе тілдік тиесілік белгісі, дінге көзқарасы бойынша азаматтардың ерекшелігін, астамшылығын не кемшіндігін насихаттайтын, оның ішінде білім алушыларға Қазақстан Республикасының ұлттары мен ұлыстарының тарихи, ұлттық, діни және мәдени дәстүрлері туралы анық емес мәліметтерді хабарлау арқылы үгіттеу үшін, сондай-ақ білім алушыларды Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге итермелеу үшін пайдалануға құқығы жоқ.

Сонымен қатар, сіздің шығармашылығыңыз ҚР заңдарына қайшы келмесе, оқытушы сіздің туындыны мінеп-шеней алмайды. Студенттің бұл құқығы ҚР Конституциясының 20-бабында бекітілген. TikTok немесе басқа да әлеуметтік желілердегі креатив видеоларыңыз үшін ешкім сізді сөгіп, жазғыра алмайды. Түсірген дүниеңіз саясатқа қатысты болса да, өзексіз тақырыпта болса да:

Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады.

Қазақстанда “бейбіт шеруге, белсенділік акцияларына қатысқан студенттерді университеттен шығарамыз” деп қорқытатындар да болады. Бұл заңсыз. Бейбіт жиындарға қатысу құқығы Конституциямыздың 32-бабында бекітілген. Сондықтан оқытушының, мысалы, феминистік маршқа қатысқан студенттің “бағасын түсіремін” деп қорқытуы заңға қайшы: 

Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін.

Сонымен, сіздің қандай құқығыңыз бұзылғанын түсінсеңіз, жағдайды қалай дұрыстау керек? Неден бастаймыз?

Қарапайым нәрсе

Оқытушымен бұл туралы сөйлесіп көріңіз. Әңгімелесе отырып, оның қай қылығынан сескенетініңізді айтыңыз. Сабыр сақтап, жеке басқа көшпеңіз, өз ұстанымыңызды фактілермен аргументтеңіз. Егер оқытушы анық жауап беруден қашса, нақты сұрақтар қойыңыз. Мысалы:

  • Менің жұмысым объективті түрде бағалануы үшін сайлауда дауыс беруім керек, дұрыс түсіндім бе?

  • Менен нақты не керек, анықтап айтып жібересіз бе?

  • Мен хиджабты шешпесем, ол бағама әсер ете ме?

Мұндай сұрақтара екіұшты жауап беру қиын. Сондықтан оқытушы “студент дұрыс түсінбей қалды” деп жауапкершіліктен қаша алмайды.  

Әңгімені жазып алуға бола ма?

Мұндай әңгімені диктофонға, видеоға жазып алған дұрыс. Алайда кейін ол материалды қолдану үшін ескеру керек ережелер бар. ҚР Конституциясының 18-бабы 1,2-тармақтарында әркімнің жеке өміріне қол сұғуға, өзінің не отбасылық құпиялары болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар делінген. Ал жасырын аудио жазу — адамның жеке өміріне қол сұғу болып саналады. Сондықтан аудио-видео жазбастан бұрын оқытушыны ескерту керек. 

Келесі қадам

Егер әңгімелескеннен пайда болмай, оқытушы құқығыңызды бұза берсе, деканатқа арыздануға болады. Деканат жоғары сапалы білім беру мен оқытушылардың этикалық нормаларды сақтауын қадағалауы тиіс. 

Арызда жағдайды қысқаша сипаттап, фактілер келтіріп, бұл мәселенің шешілуін сұрай аласыз. Әрі қарай не істеу керегі жауап алған соң белгілі болады. Егер деканат ешқандай іс-шара қолданбаса, университет ректорына жолығу қажет. 

Университет тарапынан ештеңе шешілмесе ше?

Егер мәселе университет деңгейінде шешілмесе, онда ҚР Оқу-ағарту министрлігіне жүгінуге тура келеді. Сіздің проблемаға назар аударту үшін eOtinish порталында министрлікке хабарлама жіберу керек. Мұндай іс-әрекеттің артықшылығы: сізге міндетті түрде жауап келеді. Өтінішіңіз үш аптаның ішінде қаралады.

Әлеуметтік желілердің әсері

Әлеуметтік желелер сізге көмектесуі мүмкін. Іс жүзінде әлеуметтік желілерге шыққан жағдайлар көптің назарын аударады, қоғамда талқылана бастайды. Оқытушылар одан сескеніп, оқу орнының әкімшілігі университет абройына кір келмеуі үшін конфликтіні шешуге тырысады. Нәтижесінде мәселе әлдеқайда тез шешілуі мүмкін. 

Дегенмен, қандай да бір проблема туралы айтпастан бұрын, фактілерді жинақтап, әлдекімнің жеке басына тіл тигізуден аулақ болу керек. Әйтпесе, сот алдында жауапқа тартылуыңыз мүмкін.

Бәрін заң бойынша жасаңыз әрі оқытушыларды заңды бұзбауға шақырыңыз. 

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»