Университет пен студент арасындағы келісім шарт: нені білуіміз керек?

Университетке биыл ғана қадам басқан студенттер жаңа оқу орнымен келісім шарт жасасқанда жай қол қоя салмай, барлық пунктті егжей-тегжейлі оқып қарап алғаны жөн. Өйткені, бұл келісім шарт студенттің алдағы оқу барысының заңды құжаттамасы. Бүгін заңгерлермен бірге құжаттың қай шарттарына аса назар аудару керек екенін түсіндіреміз. Ал нұсқалықтың соңында қысқаша чек-лист береміз. 

Құжаттың қандай шарттары аса маңызды?

Әдетте, университет келісім шартты төрт жылға (оқудың жылына байланысты) бір-ақ жасайды. Келісім шартта оқудың ақысы, ол құжаттың қай уақытқа дейін жарамды екендігі жазылады. Келісім шарттың келесі бөлімдеріне назар аударған жөн:

Міндеттер мен құқықтар

Заңгер Тоғжан Жайлыбаеваның пікірінше, алдымен шарттың міндетті элементтерінің нақты тізіміне (бағасы, тараптары, шарттары және т.б.) назар аудару керек. Содан кейін, екі жақтың міндеттері мен құқықтарына мән берген жөн. Оған қоса, оқу орыны студентке тағы да басқа қосымша қызметтер, ғимарат, аспаптар береді, сонымен қатар студент оқу орнында өзін қалай ұстау керек, оқу ақысын төлеу, аттестация, келісім-шартты бұзу деген сияқты мәселелерді нақтылап алу керек. 

Университет міндеттері туралы Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңының 5-бабының 1-інші тармағында: «азаматтардың білім беру саласындағы конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етеді» делінген. Сонымен қатар, 11-бапта: Білім беру жүйесінің мынадай міндеттері жазылған:

      1) ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау;

      4) белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру; 

ЖОО міндеттері мен жалпы білім алудағы құқықтарыңыз бен міндеттеріңізді толығырақ осы сілтеме арқылы оқи аласыздар.

Университет лицензияны осы сайттан тексеруге болады. 

Оқу ақысы

«Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде келісім шартта жазылған сома оқу біткенше сақталады. Ал, еліміздің кейбір оқу орындарында жыл сайын 20-30 пайызға дейін көтеріледі деп келісім шартта жазылып тұрады», – деп түсіндіреді заңгер Аржан Садуақасов. 

Грантты еңбекпен өтеу

«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, грантта оқыған студент бірнеше жыл білім грантын өтеуі керек. Бірақ мысалыға алып қарасақ, ақылы оқитын студент, 4 курстың соңғы курсында грантқа өтсе, білім беру грантын еңбекпен өтеу грантқа түскендермен бірдей болады, яғни 3 жыл дипломмен жұмыс жасайды немесе оқудың ақшасын қайтаруға міндетті. Мінекей осындай жағдай болса, университетпен қайтадан келісім шарт жасасқаны жөн еді. Бұл жері заңда нақты жазылмаған. Тек қана білім грантын жұмыс жасап өтеу ғана жазылған, сондықтан грантты өтеу туралы заңға өзгертулер керек екені сөзсіз», – дейді Аржан Садуақасов. 

Ал жоғарыда айтылғандай білім  грантын өтеу бойынша мәселеге, заңгер Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-інші бабы 47-інші бөлімнің 17-інші тармағына сәйкес ақылы негізде білім алған студенттер мемлекеттік грант бойынша оқуға ауысқан кезде олардың нақты оқыған уақытына пара-пар грант бойынша жұмыс істейді. Мемлекеттік грантты өңдеу мерзімін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. Яғни, ақылы негізде оқитын студенттер үшін грантты өтеу талап етілетін 3 жылдан айтарлықтай аз болуы керек деген пікір білдірді. 

Мемлекеттік грантты жұмыспен өтеу 2021 жылы пайда болды. 2021 жылы бітірген студенттер жұмыс істеуге немесе оқудың ақысын қайтаруға міндетті, ал бұл студенттер өтеу туралы білмеді, жаңа келісімшартқа қол қойған жоқ. Бұл жағдайда не істеу керек? 

«Негізінде грантты өтеу 2017-2018 жылдардан бері қолданылып келеді. 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына мемлекеттік грант бойынша білім алған студенттердің өз мамандығы бойынша мемлекеттік ұйымдарда кемінде үш жыл жұмыс істеу міндеттері енгізілген. 2021 жылдан бастап талап өзгеріп, мемлекеттік ғана емес, жеке ұйымдарда да мемлекеттік грантты өтеуге рұқсат берілді. Мемлекеттік грант туралы келісімге өзгерістер енгізілген жағдайда, университет бұл туралы студенттерге хабарлап және олармен қосымша келісім-шарт жасауы керек. Егер университет тарапынан мұндай әрекеттер жасалмаса, өз құқықтарыңызды қорғау үшін сотқа жүгінуге кеңес беремін», – дейді Тоғжан Жайлыбаева. 

Жатақхана

Университет студент алдында қандай міндеттер атқарады және университеттер студенттерді баспанамен қамтамасыз ету керек пе? – деген сұраққа Тоғжан: «Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 47 баптың 9-тармағына сәйкес студенттерді жатақханамен университет қамтамасыз етеді. Алайда, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы «Білім беру ұйымдарының жатақханаларында орындарды бөлу қағидалары» бұйрығына сәйкес университет студенттерге жатақханадан орын береді, орындарды конкурстық негізде үлестіреді. Яғни, университет өз меншігіндегі жатақханадағы орындарды беруге міндетті. Барлық студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуге міндетті емес. Мысалы, университет меншігінде екі жатақхана бар делік. Бұл орындарды кім алатынын анықтайтын арнайы комиссия құрылады. Студенттер жатақханадан орын сұрайды. Орындар студенттер арасында конкурстық негізде бөлінеді. Алдымен халықтың әлеуметтік осал топтары, одан кейін халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, содан кейін бірінші курстың грант студенттері қарастырылады. Қалғандарына орын ауысса беріледі» - деп жауап берді.

Чек-лист

Тоғжан Жайлыбаева төмендегідей сұрақтарға назар аудару керегін айтты:

  • Оқу орынның лицензиясы бар ма?

  • Мамандығыңыз халықаралық стандартқа сай ма? Университеттің сайтында аккредитация сертификаттары болу керек немесе мемлекет сайтынан тексеруге болады.

  • Тиісті жеңілдіктерді пайдалану мүмкіндігі бар ма?

  • Университеттегі тәртіп ережелері мен жауапкершілік (уставты университет сайтынан оқуға болады);

  • Төлеу мерзімі (ақылы оқы жағдайында);

  • Келісімшарттың ұзақтығы;

  • Білім беру қызметтерінің құнын өзгерту шарттары: қандай жағдайларда бағаны көтеруге/өзгертуге, қанша пайызға немесе сомаға және т.б. рұқсат етіледі?

  • Келісім-шарт жасай алатын адамның санаты: жасы, мәртебесі, құжаттары және т.б. Атап айтқанда, тек кәмелетке толған адам немесе оның ресми өкілі (оның атынан) колледжбен мәміле жасай алады (немесе университетпен);

  • Мемлекеттік грантты өтеу шарттары (неше жыл, мамандығынан тыс жұмыс істеуге рұқсат етіле ме және т.б.);

  • Ұсақ әріптермен жазылған пункттерге ерекше назар аударыңыз, кейде ең маңызды сөйлемдер солай жазылуы мүмкін».

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»