10 желтоқсан – Адам құқықтарының халықаралық күні: бұл күн неге баршаға маңызды

Жыл сайын 10 желтоқсанда әлемде Адам құқықтарының халықаралық күні аталып өтеді. Дәл осы күні, 1948 жылы, БҰҰ Бас Ассамблеясы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдады. Бұл құжат қазіргі заманғы адам қадір-қасиетін қорғау жүйесінің негізіне айналды. Онда алғаш рет құқықтар адамның кім екеніне немесе біреу оны рұқсат еткені үшін емес, тек адам болғаны үшін тиесілі екені бекітілді.

Адам құқықтары деген не?

Адам құқықтары – әрбір адамға лайықты өмір сүру үшін қажет негізгі құқықтар мен бостандықтар. Олар мемлекет тарапынан «берілмейді» және өз бетінше тартып алынбайды. Адам құқықтарының мәні – адамды әділетсіздік, зорлық-зомбылық пен кемсітуден қорғау, сондай-ақ оның дамуына және өзін-өзі жүзеге асыруына мүмкіндік беру.

Халықаралық құжаттарда адам құқықтары әдетте бірнеше ірі топқа бөлінеді: азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтар. Бұл құқықтар бір-бірімен тығыз байланысты және кешенді түрде жұмыс істейді. Мысалы, сөз бостандығы қауіпсіздіксіз толық жүзеге аспайды, ал білім алу құқығы қоғам өміріне қатысу мүмкіндігіне тікелей әсер етеді.

  • Адамның негізгі қажеттіліктерін қорғайтын басты құқықтар өмір сүру және қауіпсіздік құқығы – қауіп-қатерден, қысымнан қорғалу;
  • тең қарым-қатынас құқығы – жынысына, шығу тегіне, көзқарасына немесе өзге де белгілеріне байланысты шектеуге ұшырамау;
  • ар-ождан бостандығы – кез келген көзқарасты ұстану немесе ешқандай көзқарасты ұстанбау еркі;
  • әділ сотқа жүгіну құқығы – даулар мен айыптаулардың адал әрі ашық қаралуы;
  • бірлесу құқығы – топтар, ұйымдар, қауымдастықтар құру мүмкіндігі;
  • бейбіт жиналыстарға қатысу құқығы – мәселелерді ашық айтып, билікке жеткізу еркіндігі;
  • саяси үдерістерге қатысу және сайлау құқығы – шешімдерді талқылау және өз ұсынысын білдіру;
  • әлеуметтік және экономикалық құқықтар – медициналық көмекке, білімге, еңбекке және дамуға қажетті жағдайларға қол жеткізу;
  • мәдени құқықтар – тілді, дәстүрді, мәдени ерекшелікті сақтау еркіндігі.

Бұл құқықтардың барлығы адамның қауіпсіз әрі лайықты өмір сүруі үшін негіз болып табылады. Олар Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және БҰҰ-ның халықаралық пактілерінде бекітілген. Қазақстан бұл құжаттарды ратификациялап, адам құқықтарын сақтауға міндеттеме алған.

Жеке күн неліктен қажет?

Адам құқықтарының халықаралық күні – құқықтарды қорғау үздіксіз процесс екенін еске салады. Декларация қабылданғанына ондаған жыл өтсе де, бұл құқықтардың көбі әлі де түрлі сын-қатерлерге тап болып отыр. Әртүрлі елдерде қоғам мен сарапшылар арасында алаңдаушылық тудыратын, қызу пікірталасқа себеп болатын заңдар қабылдануда.

Сонымен қатар, белгілі бір кезеңдерде қоғамдық маңызы бар тақырыптарды көтеретін адамдарға қысым күшеюі мүмкін. Журналистер, зерттеушілер, құқық қорғаушылар шектеулерге, тексерулерге, бұғаттауларға немесе түсініктеме беруге шақырылуы ықтимал. Мұның бәрі адам құқықтары туралы тек жаһандық деңгейде ғана емес, ұлттық контексте де сөз қозғаудың маңызын көрсетеді.

Адам құқықтары – тұрақты әрі қауіпсіз өмірдің негізі. Олар сақталған жағдайда адамдар мемлекет институттарына сенім артады, өз елінің өміріне еркін қатыса алады, өзін және өз мүдделерін қорғай алады.

Ал егер қандай да бір құқықтар бұзыла бастаса, бүкіл құқықтар жүйесіне қауіп төнеді. Бұл тек жекелеген адамдардың жағдайына ғана емес, қоғамдағы жалпы ахуалға, ашықтық деңгейіне, адамдардың мәселелерді еркін айтып, ортақ шешім іздеу дайындығына да әсер етеді.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз