Әлемге танылған қазақстандық жұлдыздар: музыка, режиссура және стендап
Қазақстандық әртістер шекара асып, өздерінің ұлттық мәдениетін жаһанға танытып келеді. Youth.kz олардың ең танымал өкілдері туралы айтып берді.
Димаш Құдайберген
Мұндай тізім Димашсыз толық болмайды. Дауыс диапазоны ерекше, тембрын мамандар зерттеген бірегей вокалист. Димаштың әлеуметтік желілерде миллиондаған тыңдарманы бар, ал Қытайда ол — ең танымал әрі сүйікті әртістердің бірі. Құдайбергеннің концерттік турлары Қазақстан мен Азиядан әлдеқайда асып жақында ол АҚШ пен Ұлыбританияда аншлаг жинады.
Коммерциялық табысынан бөлек, Димаш қайырымдылықпен де белсенді айналысады және өзінің танымалдығын игі бастамаларды насихаттауға пайдаланады.
Нұрлан Сабуров
Қазіргі уақытта ең танымал орыс тілді стендап-комиктердің бірі.
Нұрлан туған Степногорск қаласынан жас кезінде Ресейге көшіп, сол жерде комик әрі тележүргізуші ретінде танылады.
Сабуровтың өткір, кейде дөрекі әзілі оған Қазақстанда да, шетелде де үлкен танымалдық әкелді. Ол жиі халықаралық турларға шығып, Еуропа мен АҚШ-та өнер көрсетеді.
2023 жылы Нұрлан Астанада Қазақстан үшін бірегей оқиға — Raqmet Comedy Festival стендап-фестивалін ұйымдастырып, оған әлемге белгілі комиктерді шақырды.
Айсұлтан Сеитов
28 жастағы алматылық өнерпаз өзінің 20 жасқа толар-толмас шағында-ақ танымал клипмейкер атанды. Жастайынан Нью-Йорктегі кино академиясын бітіріп, алғашқы қысқа метражды жұмыстарын сонда түсіре бастаған.
Әуелде Айсұлтан Скриптонит, Jah Khalib, Иван Дорн сияқты орыстілді жұлдыздармен жұмыс істеп, кейін халықаралық деңгейге шықты: 21 Savage және J. Cole орындаған «A lot» клипі YouTube-та 800 миллионнан аса қаралым жинады.
Соңғы жылдары ол толықметражды кино режиссурасына бет бұрып, көптеген атақты авторлар жүретін қалыпты жолдан өтті: мысалы, британдық режиссер Гай Ричи де клипмейкерліктен бастап, кейін үлкен режиссер атанған.
«Ирина Кайратовна»
Қазақстандық шығармашылық бірлестік алғашында комедиялық жоба ретінде танылған, кейін халық ішінде және шетелде резонанс тудырған клиптерімен аты шықты.
ИК тек ТМД елдерінде ғана емес, алыс шетелде де сұранысқа ие: 2023 жылы олар әлемдік тур жасап, АҚШ пен Еуропаның көптеген елдерінде концерт берді.
Әрине, топтың көтерілуіне «Чина» хиті зор әсер етті. Бұл клип YouTube-та 216 миллионнан астам қаралым жинап, Қазақстан музыканттары үшін рекорд болып тұр.
Тимур Бекмамбетов
Танымал режиссер және продюсер мансабын Ресейде қалыптастырғанымен, Қазақстанда туған және өскен. Мұнда мектеп бітірген соң, Ресей мен Өзбекстанда кино саласында жұмысын жалғастырған.
2000-жылдардың өзінде Бекмамбетов Голливуд актерлерімен ірі жобалар түсірді (мысалы, Анджелина Джоли мен Джеймс МакЭвой түскен «Особо опасен» фильмі). Соңғы жылдары режиссер скринлайф жанрына қызығушылық танытып жүр — оқиға толығымен смартфон, планшет немесе компьютер экранында өтетін формат.
Қазір ол Калифорнияда тұрып, өз жобаларын сол жерде шығарады.
«А-Студио»
Қазақстаннан шыққан ең танымал поп-топтардың бірі. 80-жылдары Алматыда құрылған бұл ұжым ондаған жыл бойы Қазақстан, Ресей және басқа елдердің басты сахналарында өнер көрсетіп келеді.
Көптеген альбомдар, культтік әндер, әйгілі вокалистер мен жаһандық концерттер — топқа поп-музыка аңыздары мәртебесін әкелді.
Анатолий Цой
Жетісу облысында туған Анатолий алғашында ұлттық музыкалық байқауларға қатысып көрген. Нағыз танымалдықты ол бірнеше жыл өнер көрсеткен MBAND бойз-бэндінің құрамында алды. Топ 2020 жылы тарағаннан кейін Цой жеке жобасын дамытып, бұрынғы қатысушылардың ішінде ең табысты музыкантқа айналды.
Ресей мен Қазақстанда концерттермен қатар, ол алыс шетелде де өнер көрсетеді, ал YouTube-тағы клиптері миллиондаған қаралым жинауда.