Алматыда хаос: қымбат пәтер, жатақханасыз студенттер

Кейінгі күндері Алматыға оқуға келген студенттердің қаладағы жалға берілетін пәтер ақысына наразылығы әлжеліде жиі байқалып жатыр. Жаңа оқу жылы қарсаңында жалға берілетін үйлердің бағасы шарықтай жөнелді. Біз пәтер таппай қиналып, алаяқтарға жем болған студенттермен әңгімелестік. Сарапшыдан қымбатшылық пен тапшылық мәселесін қалай шешуге болатынын сұрадық.

Алматыда оқитын студенттерге тамыздың соңында оқу орнына жақын жерден пәтер табу – қиынның қиыны. Университет жатақханалары бірінші курс студенттерінің өзін толық қабылдай бермейді. Ал қолайлы пәтер іздеу кезінде студенттер көптеген проблемаға тап болады. Университетке жақын маңдағы пәтерлер бағасы көтеріле түседі. Алаяқтар мүмкіндікті жібермей, тақырға отырғызып кетуге тырысады. Оған қоса, студент десе ат тонын ала қашатын үй қожайындары бар. Әлеуметтік медиада пәтер қожайындарын студенттерге түсіністікпен қарауға шақыратын, мемлекеттің нарықты реттеуін талап ететін жазбалар жарияланып жатыр. Бірақ бұлар қымбатшылықты тоқтата алар емес.

 

«Жеке кеңістік үшін жатақханадан пәтерге көштім»

Айберген Бадиев – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті. Ол Алматыға Ақтөбеден келген, мұнда туыстары болмаған соң 1-курста университет ұсынған жатақханада тұрған.

«Бірінші семестрден соң пәтерге көштім. Өйткені мен үшін жеке кеңістігім маңызды болды»

– дейді Айберген

Оның қазір тұрып жатқан пәтерінің бағасы коммуналдық қызмет, интернетті қоса есептегенде 300-450 000 теңге аралығында тұрады. Студенттің пікірінше, пәтер иелерінің сұрайтын ақшасы ұсынатын пәтер сапасына сай емес.

«Осы жолы заманауи пәтерге көштік. Қаланың орталығында орналасқан. Сондықтан сұрайтын ақшасы соған сәйкес болды»

– дейді студент

Айбергеннің айтуынша, пәтер табу оңай дүние болмады. Сондықтан досы екеуі таныстарының көмегіне жүгінген. Айберген пәтер ақысын өзі төлейді. Қазір онлайн жұмыс істеп, сол арқылы пайда тауып отыр. Ол ата-анасына күш салғысы келмейтінін айтады.

«Бір реттік жұмыстар уақыт пен энергияңды алады. Еңбегіңе төленетін қаражат онда істеген жұмысыңа сәйкес емес. Мұндай жұмыста тек сабағыңа емес, денсаулығыңа да зиян келтіресің»

– дейді студент

«Пәтерді жалға берушілер арасында бойдақ екенін айтқан ер адам болды»

 Келесі кейіпкеріміз Амина Кемелбай Сулейман Демирель атындағы университетте оқиды. Білім ордасы Қаскелеңде орналасқандықтан, пәтерді де сол жақтан іздеген. «Өзім Алматы облысы, Райымбек ауданынан келдім. Алматыда нағашы апам мен атамның үйі бар. Қаскелеңге алыс болғандықтан жалдамалы үй іздеуге тура келді», – дейді ол. Аминаның айтуынша, университет жатақханасының бағасы өте қымбат (бір семестр бағасы – 377 000 теңге). Студент қазір 2-курста оқиды, оқудың бірінші жылы онлайн болған соң пәтер жағынан қиындық болмаған. Амина жаңа оқу жылында Қаскелеңнен пәтер табу қиынға соққанын айтады. Ол құрбысымен 20 мың теңге кепілақы беріп, алданып қалған.

«Риэлтор көмегімен 150 мың теңгеге пәтер таптық. Үйдің жағдайы ескі болды, пәтер иесі бізге бұдан артық таба алмайсыңдар деп, кепілақы төлеуді сұрады. Берген ақшамызға үйге жөндеу жасаймыз деді. Құрбым екеуміз далада қалып қоймайық деп ақшаны аудардық. Кейін бағасы қолжетімді, жағдайы да жақсы пәтер табылды. Алайда бірінші пәтерге берген кепілақыны қайтара алмай жатырмыз. Пәтер иелері мен риэлторларда жауапкершіліктің жоқтығы қатты шаршатты»

– дейді Амина

Студенттің сөзінше, жалға берушінің көбі талап қойғыш. Қожайындар арасында ер балаларға қатысты «олар шегеді, ертең қыз әкеледі» деген сияқты пікір бар. Ол қыз балаларға көз салатындар да бар екенін бөлісті.

«Тапқан пәтеріміздің иесі ер адам болды. Талаптарының бәрін айтып, депозитке 50 000 теңге сұрады. Арасында келіп тексеріп тұрамын деді. Соңында бойдақ екенін айтқанда құрбым екеуміз шошып кеттік. Пәтер иесінің ниеті ұнамай, басқа үй іздеуді жалғастырдық», – дейді Амина. Қазір олар университет жанынан 100 000 теңгеге бір бөлмелі пәтер жалдап тұрмақшы. Бірақ алдағы уақытта оны төлеу мәселесі алаңдататынын айтты. «Көпбалалы отбасы болғандықтан, ата-анам менің қаржылай қажеттілігімді толық өтеп бере алмайды. Жазда жұмыс істеп біраз ақша таптым. Оқу басталған соң бастығым онлайн жалғастыруға ұсыныс жасады. Оны пәтерге төлейтін болсам, шәкіртақыны басқа қажетіме жеткізермін»

– дейді Амина

Оның пікірінше, Қазақстандағы әр университетте барлық студенті сыя алатын жатақхана болуы керек. Тегін немесе бағасы қолжетімді болса, студенттер де алаңсыз білім алып, барлық фокусын оқуға қояды. 

 

«Пәтерді қаланың ішінен алсақ болды деп, әрең таптық»

Шымкент қаласынан келген Дінмұхамед Төлегенов Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс Академиясында 3-курста оқиды. Оның айтуынша, Алматыдағы туыстары қаланың шетінде тұрады, сондықтан университетке қатынау қиын. Ал жатақханадан орын жетіспегендіктен, екі досымен пәтер жалға алып тұруды шешкен.

«Ақшаң болса пәтер табу оңай. Жақсы үй табу үшін біраз іздену керек. Сабақ басталғанда алаяқтар да көбейеді, сондықтан студенттер абай болу керек»

– дейді Дінмұхамед

Оның қазір тұрып жатқан бір бөлмелі пәтерінің бағасы – 220 мың теңге. Тағы 15-20  мың теңге көлемінде төлейтін коммуналдық қызметі бар. Дінмұхамед достарымен пәтерді Krisha.kz қосымшасы арқылы іздеген. Оның айтуынша, жалдамалы үйді университетке жақын болмақ түгілі, қаланың ішінен алсақ болды деп әрең тапқан.

«Шыны керек, пәтер бағасы оның жағдайы мен орналасқан жеріне сәйкес келмейді. Алматының кептелісімен автобус арқылы университетке бір сағатта барамыз. Таңдауымыз көңілден шықпады, сондықтан келесі айда басқа пәтерге көшеміз»

– дейді студент

Оның пікірінше, пәтер қожайындарының талаптары өте көп. Дінмұхамед пен оның достарына жалға беруші «төрт адамнан артық кіргізбеу, таза ұстау, шуламау» деген секілді талаптар қойған. Сонымен қатар, ер балаларға пәтер бергісі келмейтін адамдар да бар дейді. Дінмұхамедтің шәкіртақысы бар, алайда қаражат бір апталық тамақтан басқа ештеңеге жетпейтінін айтады. Ол мемлекет студенттерге беретін шәкіртақыны өсіргенін қалайды: «Алматыдағы пәтер бағасын ата-аналар мен студенттердің қалтасы көтере бермейді. Ауылдан келетін студенттер көп, оларға нарықтағы баға тым қымбат. Сондықтан студенттерге жалға берілетін пәтер бағасына шектеу қою керек».

Krisha.kz қосымшасында Алматыдағы бір бөлмелі пәтерлер 50 мың теңгеден басталады. Алайда олар қаладан алыс орналасқан немесе құрылысы толық аяқталмаған. Қаладағы пәтерлердің бағасы орналасқан жеріне қарай әртүрлі. Мысалы, 150 мың теңгеге орталықтан пәтер табу мүмкін емес.

Ал 200 мың теңгеге қаланың жоғары жағынан емес, төменгі Әуезов, Алмалы аудандарынан бір бөлмелі пәтер табуға болады.

Сондай-ақ пәтер жалға берушілер арасында тек отбасылы немесе бір адам болу талабын қоятынын жазғандар бар. Ал шет жақтан келетін студенттер қаладан жайлы үй тауып, қожайынмен келісім жасау үшін ерте келуі қажет.

Студенттер пәтер бағасы сапасына сай емес екенін айтып шағымданды. Мысалы, Krisha.kz қосымшасында 200 мың теңгеге қаладағы Жетісу ауданынан екі бөлмелі пәтер бар. Бірақ ондағы жиһаздар ескі, жалдамалы үй жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Сонымен қатар 50 мың теңге депозит төлеу керек.

Пәтер ақысының тым қымбат болуы студенттерге және мемлекет экономикасына қалай әсер етеді?

Студенттер экономикада еш салмағы жоқ топ болып көрінгенімен, қазіргі студенттер – еңбек нарығының болашақ кадрлары, экономиканың келешектегі негізгі қозғаушы күші. Сондықтан олардың университетте неғұрлым сапалы білім алып, кәсіби тұлға болып қалыптасуы – қоғамға соғұрлым тиімді. Бар тапқанын пәтерге жұмсағандықтан, студенттер бос уақытында қалағанындай қыдырып, қоғамдық-мәдени іс-шараларға араласа алмауы мүмкін. Бұл студенттердің жақсы тұлға болып қалыптасуына нұқсан келтіреді. Маслоу пирамидасы бойынша, қауіпсіз баспана мен жейтін тамақ – ең маңызды қажеттіліктердің бірі. Осы қажеттіліктер қанағаттандырылмай, адам білім алу, тұлғалық даму жайлы ойлана алмайды. Пәтер ақысын төлеу үшін студенттер оқудан тыс кезде уақытша жұмыс істеуі де мүмкін. Мұның кері әсері студенттің денсаулығы мен оқу үлгерімінен көрініс табуы ғажап емес. Ал бұлар тағы да адам капиталына нұқсан келтіреді.

Сонымен қатар, студенттердің кейбірі университетке жақын жерден тиімді бағаға пәтер таба алмай, шеткері аудандарда тұратыны байқалады. Бұл студенттерді күн сайын таңертең және кешкісін қала орталығына барып-қайтуға мәжбүрлейді, тиісінше қала шетінен орталыққа қатынайтын адамдар саны арта түседі. Осылайша көлік кептелісі одан әрі ұлғайып, адамдар уақыттың елеулі бөлігін жолда өткізеді. Мұның еңбек өнімділігінен бөлек, экология мен адамдардың психологиясына да залалы бар. 

 

Мәселенің шешім жолы қандай?

Экономист, Zertteu Research Institute директоры Шолпан Әйтенова жалға берілетін пәтер ақысы тек Алматыда емес, Қазақстанның бүкіл қаласында жоғарылағанын айтады. Мысалы, Көкшетау қаласында да студенттер тұруға пәтер таппай қиналған. Неліктен Алматыдағы қымбатшылық бірден көзге түседі? Сарапшының түсіндіруінше, Алматы – еліміз бойынша университеттері мен студенттері ең көп қала. Оның үстіне, елдегі ең қымбат қала да – Алматы. Сондықтан айырмашылық бірден байқалады.

«Мұндай мәселе (орталық қаладағы қымбатшылық, пәтер жетіспеуі – ред.) шетелде де бар. Бірақ «Болашақ» бағдарламасымен шетелге түссең, стипендияң сол жақта жалға алып тұратын орын табуға жетеді. Ал Алматыда тамағыңа да жетпейді»

– дейді сарапшы

Шолпан Әйтенованың ойынша, университеттер кампусын қала шетіне көшіру арқылы және сол жақтан жатақхана тұрғызатын жер қарастыру арқылы бұл проблеманы шешуге болады. Қаскелеңде орналасқан Сулейман Демирель университеті бұған жақсы мысал. Сонымен қатар, жекеменшік университеттерді, әсіресе, мемлекеттік грант алатын ЖОО-ларды жатақхана салуға міндеттеу қажет деп есептейді. Экономист шешім ретінде грантта оқитын жағдайы төмен студенттерге пәтер жалға алу үшін субсидия бөлуді де ұсынады. Бірақ бұл субсидия тек пәтер ақысын төлеуге жұмсалуы шарт. Сондай-ақ, тек сапалы білім беретін университеттерге мемлекеттік грант бөлу қажет.

«Дөрекі көрінсем де, айтайын, студенттердің көпшілігі білім үшін емес, диплом үшін оқиды. ЖОО-лар бизнеске айналып кетті. Сапасыз диплом беретін нашар университеттердің қажеті шамалы. Аз да болса сапалы университеттер қажет. Мұндай сапалы университеттерді жатақханаларымен қоса қаржыландыруды арттыру керек»

– дейді Шолпан Әйтенова
Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»