Қазақстан ЛГБТК+ құқықтарын нығайта ма?

Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдер адам құқығын жақсарту мақсатында өзара тәжірибе алмасады. 2019 жылы осы орайда Әмбебап кезеңдік шолу (ӘКШ) механизмінен Қазақстанға адам құқығына байланысты бірнеше ұсыныстар келіп түсті, ал олардың бірнешесі ЛГБТК+ құқықтарына байланысты. Төрт жылдан кейін ұсыныстар қалай орындалып жатыр? «Феминита» өз пікірімен бөлісті. 

Әмбебап кезеңдік шолу деген не?

Әмбебап кезеңдік шолу (ӘКШ) – БҰҰ-на мүше 193 мемлекеттің адам құқықтары жөніндегі міндеттемелері мен жауапкершілігінің орындалуын төрт жылда бір рет жүйелі түрде қарайтын Адам құқықтары жөніндегі кеңестің механизмі. ӘКШ-тың мақсаты – барлық елдегі адам құқықтарын жақсарту. Сол үшін ӘКШ мемлекеттердің адам құқығы саласындағы көрсеткіштерді бағалайды. Сондай-ақ адам құқықтарының бар мәселелерін шешу үшін мемлекеттің әлеуетін нығайтуға көмектеседі және мемлекет пен басқа мүдделі тараптар арасында озық тәжірибе алмасуды қамтамасыз етеді.

Қазақстанға берілген ұсыныстар

2019 жылдың аяғында өткен ӘКШ барысында Қазақстанға жалпы 247 ұсыныс берілген. Олардың он бірі ЛГБТК+ құқығына байланысты. Қазақстан біреуін ғана қабылдаған. Ол «‎азаматтық қоғам қызметі, белсенділер мен ЛГБТК+ құқық қорғаушылары үшін қолайлы орта қамтамасыз ету» деген Чили Республикасынан келген ұсыныс. «Феминита» қосқұраушысы Гүлзада Сержанның айтуынша, ұсыныста айтылған ЛГБТК+ құқығын қорғаушылар үшін Қазақстанда қауіпсіз орта емес екені сол жылы-ақ көрінген:

«Ұсынысты 2019 жылдың аяғы 2020 жылдың басы алдық, оның талқылау жиналысы 2020 жылдың мамыр айының 12-сі болады. Сол мамырдың 29-ы бізге Шымкентте шабуыл жасалды».

Гүлзада Сержанның пайымдауынша азаматтық қоғамға қолайлы орта қамтамасыз етіліп жатқан жоқ:

«Ол Чилидің ұсынысын орындауға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (АҚДМ) жауапты болған, ал АҚДМ-ның әр әкімшілікте ішкі саясат деген бөлімі болады. Сол ішкі саясат АҚДМ-ға тікелей қарайды, соған АҚДМ: биыл біз осындай ұсыныс қабылдадық, оны былай түсіну керек деп түсіндіріп беру керек еді. Біз Шымкентке барғанда бізге шабуылды сол ішкі саясат бөлімі ұйымдастырды деген күдігіміз бар. Демек олар өз жұмыстарын дұрыс білмейді. Соларды жинап алып трениң өткізіп түсіндіру керек. Осылай бұл жұмыстарды төрт жылда істеп қою керек еді. Мысалы, бұл жерге жауапты қылып АҚДМ-ны қойды, бірақ ол жерге тікелей қатысты болатын Ішкі істер министрлігі бар. Мемлекет өзі қабылдаған ұсынысты өзі түсінбей отыр», – дейді Гүлзада Сержан. 

«Феминита» ЛГБТК+ құқықтарын БҰҰ-нда атап өтті

«‎Жалпы, ұсынысты қабылдау – Қазақстан экономикасына тиімді болып тұр, халықаралық қатынас жақсы жүріп тұр. Сондықтан біз бәрін қабылдай береміз, тек біреуін қабылдамаймыз – ол еңбек мигранттары туралы. Қорытынды есептің жобасын көрдік, біздің назарымыздағы ұсынысқа жартылай орындалды деп жазып қойыпты. Бұл ұсынысты орындау үшін «Ұлттық құрылтай» құрылыпты. «Ұлттық құрылтай» – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы алаң. Сол құрылтайды құрдық та осылай шештік дейді. Бірақ, ұлттық құрылтай біздің ешқандай да мұң-мұқтажымызды тыңдаған емес. Халқымыздың тату-тәтті өмір сүргені өзімізге ғана керек. Сондықтан Астанадағы ӘКШтің есебін талқылауға Жанар Секербаева барып шағымдарымызды айтып келді», – дейдi Гүлзада Сержан. Еске сала кетсек, «Феминита» ұйымы әлі де ресми тіркеуден өте алмай келеді.

ӘКШ әр жиналыстарында әртүрлі ұсыныстарды талқыланады. Мысалы, зорлық-зомбылыққа қатысты ұсынысты талқылағанда, зорлық-зомбылықпен жұмыс істейтін ұйымдар барып талап-арыздарын айтуы керек. Тәуелсіз ұйымдар өздеріне қатысты ұсыныстарды аңдып отырып, өзіне тиістісін талап етсе ұсыныс қоғамға пайдалырақ болар еді. Ал, ұсыныстардың барлығын осы сайттан көруге болады.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»