Құқықтық кеңес: ажырасу кезінде нені ескеру керек?

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздегі ажырасудың негізгі себептерін айтты. Ал Бас прокуратура алимент төлемегені үшін іздеу салынған қазақстандықтар саны туралы сөз қозғады. Бұл мақалада ажырасу барысында ескерілуі керек тақырыптарды талқылаймыз.

Ажырасу және алимент статистикасы

2023 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда 8,2 мың жұп ажырасқан. Министрің айтуынша, ажырасудың басты себебі – маскүнемдік пен нашақорлық. Екінші орында құмар ойынға тәуелділік, ал үшіншіде – тұрмыстық зорлық-зомбылық тұр. Алимент төлемегені үшін іздестіріліп жатқан әйелдер саны – 142, ал еркектер – 1 476. 

Әйелдердің әлеуметтік, отбасы, экономикалық құқықтарын пайдалануға көмектесетін нұсқаулық

Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі жыл сайын ұйымастыратын адам құқықтары мектебінің түлегі, заңгер Айгерим Ермекбай «Өзіңді қорғай біл» заңгерлік нұсқаулығын 2022 жылы басып шығарған. Ол әлеуметтік желілерде келіп түскен сұрақтар бойынша құрастырылған. 

«Қазақ қоғамында жиі кездесетін жағдайдың бірі – мемлекеттен өзіне тиесілі жəрдемнің түрлерін ала алмау. Қазақстан – құқықтық мемлекет. Елімізде əрбір азаматымыздың құқығы қорғалуға тиіс», –  дейді нұсқаулық авторы.

Неке бұзу үрдісі қалай жүреді?

Нұсқаулыққа сәйкес, заңды неке деп ҚР-да тек қана АХАЖ (ЗАГС) бөлімінде тіркелген некені айтады.

Некені бұзу «Неке (ерлі-зайыптылық) жəне отбасы туралы» Кодекстің 16-бабына сəйкес ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екеуінің өтініші бойынша жүзеге асырылады.

Некені бұзудың екі түрі бар:

1. АХАЖ арқылы:

– кəмелетке толмаған ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптылардың екеуі де ажырасуға келіскенде, сондай-ақ мүлікке қатысты талатары болмаған жағдайда;

– сот əрекетке қабілетсіз деп таныған жұбайының (зайыбының) қорғаушысының өтініші бойынша жүгінуге болады.

2.     Сот арқылы:

– ерлі-зайыптылардың біреуі некені бұзуға келіспеген жағдайда;

– ерлі-зайыптылардың біреуі ажырасудан қашса;

– ерлі-зайыптылардың бір-біріне мүліктік немесе өзге де талаптары бар болса жүзеге асырылады.

Ерлі-зайыптылардың жеке мүлкіне не жатады?

Некеде жиналған мүлік ортақ болып есептеледі, алайда ерлі-зайыптылардың әрқайсысы жеке мүлікке ие болуы мүмкін. 

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» туралы кодекстің 35-бабына сәйкес ерлі-зайыптылардың жеке меншігі мыналар: 

·      некеге (ерлі-зайыптылық) отырғанға дейін ерлі-зайыптылардың әрқайсына тиісті мүлік; 

·      мұрагерлік тәртібінде немесе ақысыз мәмілелер бойынша ерлі-зайыптылар некеде болған кездегі мүлік; 

·      бағалы заттар және басқа да әшекей заттарды қоспағанда, ерлі-зайыптылардың ортақ қаржысы есебінен сатып алынса да жеке қолданыс заттары (киім, аяқ киім және басқалары); 

·      некенің нақты тоқтатылуына байланысты жеке тұру кезінде ерлі-зайыптылардың әрқайсы жинаған мүлік. 

Бірінші үш жағдайда жеке мүлікті қандай да бір ерекше тәсілмен рәсімдеу қажеттілігі жоқ, сондай-ақ бұл жағдайда сот шешімі талап етілмейді. Соңғы жағдайда (некені бұзу тіркелгеннен кейін ерлі-зайыптылар бөлек тұрғанда) меншік сот шешімімен жеке деп танылады. Ажырасу кезінде ерлі-зайыптының әрқайсысының жеке мүлкі де жеке меншік болып қалатыны айқын. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар немесе ерлі-зайыптының бірінің тарапынан мүліктің құнын ұлғайтатын салымдар болса, сіздің жеке мүлкіңізді ортақ деп тануға мүмкіндік беретін арнайы бап бар. Бұл әсіресе мысалы, сіздің жұбайыңызға тиісті пәтерде сіздің немес ортақ қаржыға айтарлықтай жөндеу немесе қайта салу жүргізілсе, онда пәтер ортақ мүлік деп танылуы мүмкін. Бұл туралы Кодекстің 36 бабында айтылады.

Егер жылжымайтын мүлік некеге отырғанға дейін сатып алынса, сыйға алынса немесе мұраға қалса, ол жеке болып табылады және оған ортақ ақша инвестицияланса ғана бөлуге жатады (жөндеуге, қайта құруға және т.б.). 

Ортақ мүлік және оны бөлу

Кодекстің  33-бабына сәйкес неке кезінде ерлі-зайыптылар жинаған ортақ мүлікке мыналар жатады:

·     еңбек қызметінен, кәсіпкерлік қызметтен және зияткерлік қызмет нәтижелерінен ерлі-зайыптылардың әрқайсының табыстарының сомалары;

·     ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінің  және ерлі-зайыптының әрқайсының жеке мүлкінің  табыстар сомасы;

·     ол алған зейнетақылар, жәрдемақылар, зейнеткерлік жинақтаулар, сондай-ақ арнайы мақсатты тағайындалуы жоқ өзге де ақшалай төлемдер (материалдық көмек сомалары, еңбек қабілеттілігінің жойылуына байланысты шығынды өтеуде төленген сомалар, мертігу немесе денсаулықтың өзге де нашарлауы және басқалар);

·     ерлі-зайыптылардың ортақ табыстары есебінен алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлік, құнды қағаздар, пай, салымдар, несие ұйымдарына немесе өзге ұйымдарға енгізілген капиталдағы үлестер;

·     неке кезінде ерлі-зайыптылар жинаған кез келген басқа мүлік.

Кодекстің 38-бабына сәйкес ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлуде және осы мүліктегі үлестерді анықтауда ерлі-зайыптылардың әрқайсының үлесі, егер олардың арасындағы шартта басқаша көзделмесе тең деп саналады. Жалпы мүліктегі ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінің үлесі мүлікті бөлуде анықталады және үнемі тең деп есептеледі (1/2 немесе 50%), егер:

·  неке шартында өзгесі көзделмесе;

·  олардың мүлікті бөлу туралы шартында өзгесі көзделмесе;

·  сот осы үлесті өзгеше анықтамаса.

Ерлі-зайыптылардың бірі ортақ мүліктегі өзінің үлесінен бас тартатын жағдайлар да бар. Егер аталмыш айғақ неке бұзылғаннан бұрын айтылса, онда оны неке шартында немесе ортақ мүлікті  бөлу туралы шартта бекітуге болады. Егер неке бұзылған болса, ортақ мүліктегі үлестен нотариусқа барып бас тартуға болады. Нотариус ортақ меншіктегі ерлі-зайыптының әрқайсының үлестерін анықтауды куәландырады, одан кейін ерлі-зайыптының бірінің екіншісіне үлесті сыйлау шартын тіркейді.

Алимент төлеу

Алимент – бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат. Ол баланың кәмелеттік жасқа толғанға дейін төленеді. Ал Күндізгі оқу нысаны бойынша жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, жоғары білім беру жүйесінде оқитын балаларға 21 жасқа дейін төленеді.

Алимент ай сайын мынадай мөлшерде:

·     бір балаға - ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің төрттен бір бөлігі;

·     екі балаға - үштен бір бөлігі;

·     үш және одан да көп балаға тең жартысы төленуге тиіс.

Сонымен қатар еңбекке жарамды ата-аналар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларын күтіп-бағуға міндетті.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»