2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда Ұлттық біліктілік шеңберінің (ҰБШ) жаңартылған нұсқасы бекітілді. Енді курстар мен тренингтерден өткенін растайтын сертификаттар ресми дипломдармен тең деңгейде мойындалуы мүмкін. Жаңалықтың қалай және кімдер үшін жұмыс істейтіні туралы толығырақ айтып береміз.
ҰБШ деген не және ол не үшін маңызды?
Ұлттық біліктілік шеңбері (ҰБШ) – елдегі кәсіби біліктіліктерді жіктеуге және тануға арналған құрал. Ол күрделілік деңгейін, жауапкершілікті және ғылыми негізділікті көрсететін сегіз деңгейден тұрады. ҰБШ мектепке дейінгі білімнен бастап жоғары оқу орнынан кейінгі білімге дейінгі барлық деңгейлерді, сондай-ақ оқытудың әртүрлі формаларын қамтиды.
2025 жылы ҰБШ заманауи экономиканың талаптары мен Еуропалық біліктілік шеңберінің қағидаттарына сәйкес жаңартылды.
Енді сертификат кімдер үшін дипломды алмастыра алады?
ҰБШ-ның жаңа редакциясына сәйкес, біліктілікті ресми растау құралы ретінде енді тек диплом мен жұмыс тәжірибесі ғана емес, қысқа мерзімді курстардың сертификаттары және Career Enbek порталындағы расталған біліктілік те танылады. Бұл әсіресе тәжірибелік дағдылар сұранысқа ие салаларда жұмыс істейтін көптеген мамандар үшін сертификаттар дәстүрлі дипломның толыққанды баламасы бола алатынын білдіреді.
Не өзгерді:
- Бұрынғы нұсқа ресми білім беру деңгейлеріне сүйенген;
- Жаңа нұсқа Еуропалық біліктілік шеңберінің тәсілдерімен үйлестірілген;
- Сегіз деңгей еңбек функцияларының күрделілігіне, жауапкершілік дәрежесіне және ғылымилық деңгейіне қарай реттелген – бұл біліктілікті оны алу жолына тәуелсіз объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Қандай құжаттар енді біліктілікті растайды
- Диплом және жұмыс өтілі;
- Қысқа мерзімді курстардың сертификаттары;
- Career Enbek порталында расталған біліктілік.
Бұрын онлайн-курстар мен сертификаттар көбіне өзін-өзі дамыту тәсілі ретінде қабылданса, енді олар біліктілікті растау және жұмысқа орналасу барысында ресми түрде есепке алынуы мүмкін.
Мұндай бағдарламаларға сұраныс қазірдің өзінде бар. 2025 жылдың басынан бері Қазақстанның 345 мыңнан астам азаматы, оның ішінде шамамен 49 мыңы жұмыссыздар, Skills Enbek платформасында онлайн-курстардан өткені туралы сертификат алды. Платформада жалпы 839,7 мың адам тіркелген, олардың 353,3 мыңы – тек 2025 жылы, ал оқудан өткендердің жалпы саны 718 мыңнан асты.
Қандай сертификаттар мойындалады?
Қазақстанда қысқа мерзімді курстардан, тренингтерден, онлайн-оқудан және бейресми не информалды білім беру нысандарынан өткенін растайтын барлық сертификаттар ресми түрде танылады. Career Enbek немесе Skills Enbek платформаларында берілген сертификаттар да ресми күші бар және кәсіби құзыреттер мен біліктілікті растау құралы болып саналады.
Сертификатты базаға қалай енгізуге болады және ол міндетті ме?
Сертификатты ұлттық біліктілік жүйесіне Career Enbek цифрлық платформасы арқылы енгізуге болады. Ол үшін маман порталға тіркеліп, курстан өткені туралы электронды сертификатты жүктеуі, оқу ұйымы туралы мәліметтерді және тізілімдегі сәйкес мамандықты көрсетуі тиіс. Мұндай тіркеу міндетті емес, бірақ жұмыс берушілер алдында және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысқанда біліктілікті ресми растауға едәуір көмектеседі. Тіркелген сертификаттар жеке профильдің бөлігіне айналып, жұмыс іздеу және мансаптық өсу үшін пайдаланылуы мүмкін.