Алматыда жер сілкінді: дүмпу кезінде не істеу керек?

Жер сілкінісіне қалай дайындалу керек? Оның болатынын алдын ала білуге бола ма? Ұялы телефонға зілзала болатынын хабарлайтын қандай қосымшалар бар? “Дабыл чемоданы” деген не және оны қалай дұрыс жинау керек? Сілкініс кезінде өзіңді қалай ұстаған жөн? Ғимараттан қай уақытта шыққан жөн? Дүмпуден кейін қайда бару керек? Нұсқаулықта айтып береміз.  

Алматы, 23 қаңтар

23 қаңтарда түнгі сағат 00:09-да Алматыда жер сілкінді. Зілзала 5 балл деңгейінде (MSK-64 шкаласы бойынша) сезілді. Зілзаланың салдарынан 44 адам зардап шеккен. Адамдар көбіне терезелерден секіріп, үйлерінен қашқан кезде жарақат алған. Өзіңді дұрыс ұстау мен қате әрекеттер кесірінен зардап шекпеу жолдары жайлы айтып береміз. 

Қалай дайындалған жөн: дабыл чемоданында не болу керек?

  • құжаттар: жеке куәлік, паспорт, ЖОО дипломдары, көлік құжаттары, жеке мүлік, кез келген сақтандыру құжаттары 

  • қағаз ақша, банк карталары;

  • пауэрбанк, қосалқы телефондар, сымдар және т.б.

  • бағалы әшекей-бұйымдар, алтын заттар;

  • дәрі-дәрмек қобдишасы;

  • бір адамға тәулігіне 3-4 литр есебімен су;

  • консервілер мен жоғары калориялы, пісірусіз жеуге болатын және аз орын алатын барлық тағамдар, жаңғақтар, «Сникерс» батончиктері, кәмпиттер және жоғары калориялы тәттілер;

  • жеке гигиена құралдары;

  • жылы киім мен көрпе;

  • радиоқабылдағыш;

  • батарейкасы бар фонарь;

  • сіріңке;

  • ысқырық салып, алдын ала дайындап қою қажет.

Жер сілкінісі болатынын алдын ала білуге бола ма?

Өткен түнде болған сілкініс туралы Android және Google хабарламалар жіберген. Ол оқиғадан бірер минут бұрын келген. Мұндай функцияны қосу үшін смартфондағы төтенше жағдайлар бөліміне кіріп, жер сілкінісі туралы ескертулерді қосу керек. Дүмпу ошағында болған жағдайдан кейін сейсмологтер тез арада ескертуді қолға алады. Егер сіз мұндай хабарлама алсаңыз, ғимараттан шығыңыз. 

Сонымен қатар қазақстандықтар «Darmen» қосымшасы арқылы ТЖМ хабарламаларын ала алады. Қосымшалар iOS және Android үшін қолжетімді және оларды тегін жүктеп алуға болады. 

Ұялы телефонға қосымшалар жүктеу арқылы жер дүмпуін бақылай аласыз. 

Олар дәл қазір жер бетіндегі және жерасты дүмпулерінің қай жерде, қандай магнитудасы мен ауданында болып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді. Біразында жер сілкінісі болуы ықтимал жерлер туралы ескерту мүмкіндігі бар:

  • Tremor Tracker

  • My Earthquake Alerts & Feed

  • Earthquake

  • LastQuake

  • QuakeFeed Earthquake Alerts

Жер сілкінісі кезінде өзіңді қалай ұстау керек?

Егер дүмпу басталып кетсе, үстелдің астына немесе ғимараттың жүккөтергіш арқалығына тығылыңыз (үйіңізде немесе офисте мұндай арқалықтар қай жерде орналасқанын дәл бүгін анықтаңыз).

Ішкі қабырғаның, бұрыштың, есік жақтауының қауіпсіз жеріне тұрыңыз, ваннаға жата қалыңыз. Кереуеттің немесе үстелдің астына кіріңіз – олар сізді құлауы мүмкін заттардан және сынықтардан қорғайды. Терезе мен ауыр жиһаздан алыс тұрыңыз. Лифтіні пайдаланбаңыз. Дүмпулер аяқталғаннан кейін ғимараттан шығып кетіңіз.

Егер көшеде болсаңыз, ғимараттар мен электр беруші желіден ашық алаңға қарай алыстаңыз, үзілген электр сымдарына жақындамаңыз. Ғимарат жанынан жүгірмеңіз және оларға кірмеңіз. Егер сіз автомобильде болсаңыз, дүмпулер тоқтағанға дейін автомобильден шықпай ашық алаңда қала беріңіз.

Жер сілкінгендегі қауіпсіздік шаралары

Дүмпулердің алғашқы сериясы біткеннен кейін газ, су мен электр қуатын сөндіріңіз. Өзіңізді және жақындарыңызды жарақаттың бар-жоғына тексеріңіз. Алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренген жөн. 

Егер физикалық жарақаттан сау болсаңыз, психикалық денсаулығыңызды ойлаңыз. 

Үрейге бой алдырмай, терең демалыңыз. Ойыңызды жинақтап алыңыз. Көп таза су ішіңіз. Бірақ Red Bull және кофе сынды сусындарды ішпеңіз, себебі бұл стресс жағдайына түскен жүйке жүйесін одан әрі қоздырады.

Керек болған жағдайда маңызды нөмірлер арқылы:

  • құқықтық тәртіп органдарының өкілдерін – 102 

  • өрт сөндірушілерді – 101

  • дәрігерлерді – 103

  • құтқарушыларды – 112 сандарын теріп, шақырыңыз. 

Жиналу орындары 

Егер ғимаратқа қайтуға қорықсаңыз, төтенше жағдайлар кезінде жиналатын орындарға баруыңызға болады. Әдетте олар: мектептер, балабақшалар, жоғары оқу орындарының ғимаратырда орналасқан. Бұл орындар қатаң сейсмикалық нығайту шаралары жасалып салынады және осындай жағдайлар барысында жиналуға арналған. 

«Қаланың әрбір ауданында төтенше жағдайлар кезінде халықты жинайтын пункттер бар. Көбінесе бұл ең қатаң құрылыс нормалары мен ережелерін сақтайтын білім беру ұйымдары: мектептер, балабақшалар, колледждер, университеттер. Пункттер туралы барлық деректер 2GIS Almaty платформасында орналасқан. Іздеу жүйесіне “зардап шеккен тұрғындарды қабылдау нүктесі” деп енгізсе, карталарда тұрғындар үшін қолжетімді барлық жиналу орындары көрсетіледі», – деп хабарлады Алматы қаласының әкімдігі.

Мысалы:

Алатау ауданы: № 114, 149, 156 жалпы білім беретін мектептер, №1, 4, 31 бөбекжайлар және т.б.

Алмалы ауданы: №8 мектеп-гимназиясы, №16 жалпы білім беретін мектеп, Алматы сән және дизайн колледжі және т.б.

Бостандық ауданы: Орталық стадион, Республикалық физика-математика мектебі, Алматы құрылыс колледжі және т.б.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»