Жансая Бауыржан: «Ауыл балаларының көздерінен білімге деген ерекше құштарлықты байқауға болады»

Teach for Qazaqstan жобасы аясында көптеген жас педагогтар еліміздің әр өңіріне аттанып, қалалық жайлылық пен мүмкіндіктерден қағылған балаларға сапалы білім беруге күш салуда. Youth.kz Қарағанды облысындағы шалғай ауылда математика пәнінен сабақ беріп жүрген жас мұғалім Жансая Бауыржанмен сұхбаттасты.

Teach for Qazaqstan бағдарламасы туралы қалай білдіңіз? Неліктен бұл бағдарлама сізге сай деп ойладыңыз?

– Бағдарлама туралы алғаш рет «Dope soz» подкастынан білдім, ол жерде қонақ ретінде Құралай Жаркимбаева болған еді. Ол Ресей Федерациясындағы ауылдық жерде жұмыс істеген тәжірибесімен бөлісті. Сол сәтте жергілікті контекст, балалармен жұмыс барысындағы кейстері мені қатты қызықтырды және бағдарламаға деген қызығушылығымды арттырды.

Подкаст соңында айтылған «кезінде өзің армандаған ұстаз бол» деген сөзі менің бағдарламаға қатысуыма шешуші әсер етті. Себебі мен бала кезімнен мұғалім болуды армандадым. Алайда 11-сыныптан кейін ҰБТ-да пәндерді дұрыс таңдамауыма байланысты педагогикалық мамандыққа түсе алмайтынымды білгенде қатты қынжылдым. Ал бұл бағдарлама, десек те болады, менің сол арманымды жүзеге асыруыма мүмкіндік берді.

Математикаға қызығушылығыңыз қашан пайда болды? Бірден мектеп мұғалімі болғыңыз келді ме, әлде ғылыммен айналысуды жоспарладыңыз ба?

– Кішкентай кезімнен логикалық есептер мен түрлі сұрақтарды шешкенді ұнататынмын. Бірақ математикаға деген нақты қызығушылығым 5-сыныпта Исаханов Сағат Қанатович атты математика пәні мұғалімі келген кезде оянды. Оның әр оқушыға жеке көзқараспен қарауы, пәнге қызықтыра білуі және сапалы кері байланыс беруі менің бойымда математика пәнінің мұғалімі боламын деген арманды қалыптастырды.

Шынымды айтсам, ғылыммен айналысу жоспарымда болмады. Мен өзімді көбіне оқушылармен жұмыс істеп жүрген мұғалім ретінде елестететінмін.

Бағдарлама аясында сізді қай жерге жұмысқа жіберді?

– Бағдарлама аясында мені Қарағанды облысы, Бұқар Жырау ауданы, Новоузенка ауылындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы жалпы білім беретін мектепке жұмысқа жіберді.

Қаладан ауылдық жерге көшу туралы шешім қабылдау сіз үшін қиын болды ма?

– Іріктеудің финалдық кезеңіне жеткенде, барлығымыздың ауылдық жерге көшетінімізді жақсы түсіндім. Әрине, ол жер қандай болады, адамдары қандай, өзіне тән салт-дәстүрлері мен өмір салты бар ма деген сұрақтар мазалады. Новоузенка ауылына мұғалім болып баратынымды естігенде, шынымды айтсам, қатты таңғалдым.

Себебі ол мен тұратын қаладан небәрі жарты сағаттық жерде екен — бірақ бұл тек көлікпен жүргенде ғана. Ал автобуспен бару үшін шамамен екі сағат уақыт кетеді. Қазір сабақ кестесіне байланысты күнде бірінші сабаққа баратындықтан, таңертең көлікпен барып, кешке автобуспен қайтамын.

Материалдық жағдай туралы айтып бере аласыз ба? Қазір қалаға қарағанда көбірек табыс табасыз ба? Шығындар айтарлықтай өзгеше ме? Стипендия барлық қажеттіліктеріңізді жаба ма?

– Бұл мәселе әр адамға байланысты деп ойлаймын. Қаладағы табыспен салыстырғанда, кіріс айтарлықтай жоғары. Дегенмен мен күн сайын қала мен ауыл арасында қатынайтындықтан, бюджеттің үлкен бөлігі жол шығындарына кетеді. Сонымен қатар сынып жетекшісі болғандықтан, кейде мектепке шұғыл шақыртулар болады, мұндай жағдайда уақыт жоғалтпау үшін таксимен баруға тура келеді.

Стипендия барлық негізгі қажеттіліктерімді жабады. Көбінесе қаржыны демалыс күндері отбасыммен бірге уақыт өткізуге жұмсаймын.

Ауыл балалары туралы айтып беріңізші. Олар қалалық балалардан несімен ерекшеленеді? Ауыл мен қаладағы білім берудің айырмашылығы неде?

– Ауыл балаларының көздерінен білімге деген ерекше құштарлықты байқауға болады. Олар сабаққа уақытында келеді, тәртіпті. Кез келген жаңа идеяға ашық, қорықпайды, қысылмайды. Ең бастысы — мұғалім тарапынан баланың оқуына деген қызығушылығын оята білу және дұрыс бағыт беру. Сондай-ақ ауылдық жерде балалар «мұғалім» мамандығын ерекше құрметтейді, тіпті кейде соған еліктейді.

Мен жұмыс істейтін мектепте орыс және қазақ тілінде оқытылатын сыныптар бар. Ауылдық мектеп болғандықтан, негізгі айырмашылық — сыныптағы оқушылар санының аздығы деп ойлаймын. Соның арқасында әр балаға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік бар. Қалған жағынан, қаладағыдай интернетке қолжетімділік бар, қосымша үйірмелер де жұмыс істейді, сондықтан айтарлықтай айырмашылық байқамаймын.

Бағдарламада қанша уақыттан бері жұмыс істеп келесіз? Сіздің жетекшілігіңізбен оқушылардың математикадан ілгерілеуі байқала ма?

– Бағдарламаға биыл ғана қатысқандықтан, мектепте жұмыс істеп жатқаныма небәрі 3,5 ай болды. Соған қарамастан, осы уақыт ішінде оқушылармен өте тығыз жұмыс жүргіздік деп ойлаймын. Бастапқыда балалардың математикадан білім деңгейі әртүрлі болды, сондықтан ата-аналар мен сынып жетекшілерінің рұқсатын алып, қосымша сабақтар өткізе бастадым. Нәтижесі көп күттірмей-ақ сабақ барысында көріне бастады.

Әсіресе, алғашқы кезде 8-сыныппен жұмыс істеу қиын болды. Алайда ортақ мақсат пен бірлескен еңбектің арқасында қазір бұл сыныпты мен сабақ беретін сыныптардың ішіндегі ең белсендісі деп айта аламын. Сонымен қатар осы сыныптың бір оқушысы аудандық математика олимпиадасында 3-орын иеленді.

Өз жұмысыңыздың нәтижесі деп нені санайсыз?

– Педагогикалық тәжірибем аз болса да, әрдайым өз жұмысымды талдауға тырысамын. Мен үшін жұмысымның нәтижесі — оқушылардың олимпиада мен байқауларда жүлделі орын алуы ғана емес, ең бастысы олардың тақтаға еркін шыға алуы, бір-біріне көмектесіп, түсіндіруі және математика пәніне деген көзқарасының жылы, оң бағытта өзгеруі.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз