Қазақстан мен Талибан қарым-қатынасы жастарға қалай әсер етеді? 

«Талибан» қозғалысы енді Қазақстанда тиым салынған тізімде емес. Бұл шешім Қазақстан жастарына қалай әсер етуі мүмкін? Осы тұста заңгер, зерттеуші Айгерім Құсайынқызының пікірін сұрап көрдік. 

Тәліптер деген кім?

Талибан қозғалысы 1994 жылы Исламшыл студенттердің әскери ұйымы ретінде пайда болды. Мүшелерінің көпшілігі Ауғанстандағы Қандағар провинциясының ауылдық жерлерінде қаланды. Тәліптер Ауғанстанда ислам мемлекетін құруды мақсат тұтты.

1996 жылдан 2001 жылға дейін Талибан Ауғанстан Ислам Эмиратын жариялап Ауғанстанның билігінде болды. Бірақ әлем елдерінің көбі Талибан үкіметінің легитимдігін мойындамады. 2001 жылы ол американдық әскери шарадан кейін құлатылды. 2021 жылы Талибан Кабулды қайтарып алды және содан бері Ауғанстанда билік етеді.

Талибан түрлі елдермен, соның ішінде Қазақстанмен де дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, әлемдік қауымдастық алдында қайта қалыпқа келуге тырысуда. Олар ең жақын көршілерімен белсенді сауда байланыстарын құрып жатқаны да жасырын емес. 

Желтоқсан айында Қазақстан «Талибан» қозғалысын тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарды. ҚР СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Kazinform тілшісіне шешімді былай түсіндірді

«Қазақстанда тыйым салынған аумақтық ұйымдардың ұлттық тізіміне оны өзектендіру мақсатында тұрақты түрде ревизия жүргізіліп тұрады. Аталған процесс аясында, БҰҰ тәжірибесіне сәйкес, “Талибан қозғалысын” одан шығару туралы шешім қабылданды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің орындауға міндетті қарарларына сәйкес, “Талибан қозғалысы” БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі террористік деп таныған ұйымдар тізіміне кірмейді».

Бұл жастарға қандай әсер тигізеді?

Заңгер Айгерім Құсайынқызы осы шешім Қазақстан жастарына қандай өзгеріс әкелетіні туралы ешбір сапалық әлеуметтік зерттеусіз болжам жасай алмаймыз деп ойлайды:  

«‎Бірақ Талибан 1996-2001 жылдар аралығында билікте болған кезінде жастардың сауаттылығы мен әйелдер құқығы қалай кері кеткенін көріп, болжауға болады. Әйелдер мен қыздарды адам санатына қоспайтын, тек еркектерге “қызмет етуші адамдар тобы” деп әйелдерін қорлаған елге қатынас қандай болу керек? Сынайтын әрі әшкерелейтін әрекет күтемін, бірақ біздің жастар Талибан мен Қазақстанның дипломатиясын тек мем деңгейінде ғана тілге тиек еткен сияқты. Өкініштісі де сол‎». 

Ал, Қазақстан жастары осы шешім бойынша не ойлайды деген сұраққа Айгерім Құсайынқызы: 

«‎Біріншіден, Қазақстанның жастары қаншалықты Талибан қозғалысымен таныс деген сұрақ туындайды. Жастардың Талибан жайлы білімі мемлекеттік ақпарат құралдары арқылы қалыптасты ма әлде тарих оқулықтарынан ба, әлде діни оқулықтардан ба соны білу аса маңызды. Бірақ, ондай зерттеу болмаған соң да анықтау қиынға соғады. “Талибан” сөзі студенттер деген ұғымды білдіргенімен, жүргізіп отырған саясаты дәл қазір жастар үшін де, болашақ үшін де қауіпті екенін қазіргі студенттер біледі ме? Қазақстанның Талибанмен екіжақиы қарым-қатынас орнатуы біздің сыртқы саясаттың қай бағытта өрбіп отырғанының дәлелі. Тіптен, Ауғанстаннан келетін тауар өнімдерінің көбеюі де ойлана білетін жастардың сансыз сұрақ қоюына әкелуі тиіс еді. Бірақ, бірнеше зерттеулер көрсеткендей (Paperlab) соңғы зерттеуі бойынша, жастар саясатқа қызықпайды, демек олар үшін Талибан кейбір елде “қандықол террористік” ұйым тізімінде болса да, олар үшін алаңдаушылық байқамадым‎», – деп жауап қатты.

Подпишитесь на рассылку лучших материалов «Youth.kz»